серікжан білш лы биография
«Атажұрт» ұйымының көшбасшысы Серікжан Біләш туралы не білеміз
Ұлтаралық араздықты қоздырып, алауыздық тудыруға бағытталған әрекеттер жасады деген күдікпен, кеше ғана ұсталған «Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләш туралы не білеміз? Stan.kz ұсынған материалмен танысып шығуға кеңес береміз.
Серікжан Біләшұлы 2009 жылдан бері қазақ интернет әлемінде «Жарқын Жеті» деген атпен танылған Қытайдың қазағы. Алғашында Қытайдағы қазақ сайттарына «Мың бір сапар» деген жазбаларымен танылған азамат Қытайға қарсы ақпараттар жазған. Ал Қазақстан жаңалықтарынан бейхабар болған ол жақтағы қазақтар бұл жазбаларды Жарқын Жетінікі деп ойлаған. Алайда, ол «Жарқын Жеті» деп танылған Серікжанның жазбалары емес, кезінде «Жас Алаш», «Жас қазақ», «Айқын», «Алтын Орда» басылымдарында жарияланған мақалалар болатын.
Ол Қытайдағы қазақтарға Қазақстанның сайттарындағы ақпараттарды жеткізіп, сол жақтағы қандастарымыздың рухани әлеміне қызмет етіп, арандату сипатында түрлі мақалалар жазған. Тіпті, «Сен қазақ», «Күлтегін» сайттарына да осындай сипаттағы мақалалар жиі шығарып, ақыры сайттың жабылуына себепші болады. Өкінішке орай, Жарқын Жеті таратқан жазбаларды ғана жиі оқып, басқа ақпараттардан бейхабар болған кейбір азаматтар Серікжанның сөзіне имандай сеніп, соның арбауына түсті.
Алайда, Қытайдағы қазақ сайттары жабылғанымен, Серікжан Біләш ол жақтағы қазақтардың миын улауын жалғастыра берді. Ол Қытайға қарсы айтылған үндеулері мен арандатушылық сипаттағы дәрістерін әлеуметтік желі арқылы таратуға көшті. Вичат пен Ватцап желісінде топтар ашып, Қытайдағы қазақтардың тағдыры қыл үстінде тұр деп, бүкіл елді қытайларға қарсы қою үшін үгіт-насихаттар оқи бастады.
Өзін ұлт жанашыры ретінде көрсеткісі келіп, өзін қолдамағандарды «сатқын» деп көрсетті. Қытайдың саяси жағдайы туралы жазбалар жазып, сол елде бейбіт өмір сүріп жүрген қандастарымызды өзінің артынан ерткісі келді.
Кейін ол тіпті, әлеуметтік желілерде жалған атпен парақшалар ашып, расталмаған ақпарат тарата бастады. Facebook желісінде де қытай қазақтары жайында жалған ақпарат таратқан Анар Атабай есімді пайдаланушы да сол Серікжан болып шықты.
Қытайдағы қазақтар қысымға ұшырағанға дейін, ол Вичатта «Қазақстанға көш» деген атпен топ ашып, Қытай билігін жамандаған. Сөйтіп, ондағы қандастарымызды Қазақстанға көшуге шақырған. Ал қазірде Қытайда қамауға алынған қазақтардың біразы Серікжан Біләштің үндеуін тыңдағандар. Осылайша, Жарқын Жеті деген лақап атымен танылған Серікжан Қытайдағы қазақтардың қысымға ұшырауына себепші болды. Жалған ақпарат беріп, қазақтарды Қытайға қарсы қойғысы келді.
Бір қызығы, Қытайды жаманатты көрсетуді көздеп, өзін қытай қазақтарының жанашыры ретінде көрсеткісі келген Жарқын Жеті айтарлықтай жақсы жағдайда өмір сүреді екен. Тіпті, шетелге де жиі шығып, саяхаттап тұрған. Оның Алматыда екі қабатты зәулім үйі және тағы үш пәтері бар болып шықты.
Таңғаларлығы, Алматыдағы Ақкент ықшамауданынан бір күнде үш пәтер алған Серікжан ол мүліктерін өзінің атына емес, анасына тіркеп қойған. Осыдан 8 жыл бұрын, яғни ол 2011 жылдың 18 қарашасында анасы Нұрболат Мариғазының атынан үш бірдей пәтер сатып алды.
Бұдан бөлек, өзі баршылықта шалқып өмір сүріп жүрген Серікжан Біләш жеке кәсіпкер ретінде де еш жерде тіркелмеген. «Атажұртым» деп, Қазақстанға келгенімен, қазақ еліне бір тиын да салық төлемеген. Осындай баршылықта өмір сүрген Біләшқа бұл байлық қайдан келді, ол жағы белгісіз.
Бірақ, Қытайды сонша жамандап, ол жақтағы қазақтардың өмірі адам төзгісіз деген Серікжанның бірінші әйелі қытай ұлтынан болыпты. Оның үстіне Серікжан Біләштің өзі кезінде қытайлармен жұмыс жасағаны және бірнеше тілді меңгерген білімді азамат болғаны белгілі болды.
Дегенмен, Серікжанның қытайға қарсы айтылған сөздері мен жазбаларынан кейін Солтүстік Шынжаңда саяси қысым қатты күшейді. Ал оның жанына жиналған жақтастары саяси сауаты жоқ, нақты ақпаратқа емес, алып қашпа сөзге сенетін азаматтар. Серікжанның жанына ергендер өздеріне қарсы сөйлегендерге «ит, надан, топас» деп мәдениетсіз сөздермен балағаттап, өзгенің пікірін елемейтін Қыдырәлі Ораз, Ералаш Қабыл, Аралбай, Қайрат Байтолла, Нұрхан Солтанбай, Шайахмет есімді қайда дау болса, сонда жүретін азаматтар. Міне, бүгінде «Атажұрт» деген ұйым құрып, арандатушылық әрекеттер жасап келген Серікжан және оның тобындағылар осы уақытқа дейін елікпе әңгімелер айтып, дәлелі жоқ ақпарат таратып келді.
Кейін осы «Атажұрт еріктілері» ұйымының көшбасшысы Серікжан Біләш жақтастарымен бірге Алматыда Қытайдағы қазақтардың жағдайы туралы баспасөз мәслихатын өткізді. Ал ақпан айында Алматы қаласының мамандырылған ауданаралық соты «Тіркелмеген ұйымға жетекшілік етті» деген айыппен «Атажұрт» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшқа 252 000 теңге айыппұл салды. Дегенмен, Біләш соттың шешіміне келіспей, аппелияцияға беремін деген еді.
Десе де, осы жылдың 10-наурызында Астана қалалық полиция департаментінің қызметкерлері ұлтаралық араздықты қоздырып, алауыздық тудыруға бағытталған әрекеттер жасады деген күдікпен Серікжан Біләшті тұтқындады.
Серікжан Біләштің ісін Алматы сотының қарауына жолдады
«Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің үстінен қозғалған істі Алматы сотының қарауына жіберді. Мұндай шешімді Нұр-Сұлтан соты қабылдады. Қытайдағы аз ұлттарға жасалған қысым мәселесін алғашқылардың бірі болып көтерген белсенді төрт айдан бері Нұр-Сұлтанда үйқамақта отыр.
БЕЛСЕНДІНІ ҚОЛДАУҒА КЕЛГЕНДЕР ЗАЛҒА СЫЙМАДЫ
Серікжан Біләшті адвокат Айман Омарова қорғап отыр.
Азаттық сот залынан тікелей эфирде хабар таратты:
Серікжан Біләштің ісі бойынша алдын ала сот отырысы басталар күні Алматы мен Шымкентте қамаудағы белсендіні қолдап акция өткізген бірнеше азамат биліктен Біләшті қудалауды доғаруды талап етті.
АЙЫПТАУ
Тергеу орындары Серікжан Біләшқа Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша (174-баптың 1-бөлігі) айып таққан. Бұл бап бойынша екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Биыл наурызда Алматыдағы қонақ үйлердің бірінен қамауға алынып, Нұр-Сұлтанға жеткізілген Біләш бастапқыда тергеу изоляторында болды, кейіннен үйқамаққа ауыстырылды. Бұған дейін ол отбасының Алматыда тұратынын айтып, өзін қолхатпен босатуды немесе үйқамақты Алматыға ауыстыруды сұраған. Бірақ сот Біләштің өтінішін қанағаттандырмады.
Қамау мерзімін ұзартуға байланысты өткен соттардың бірінде ол Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына еркінен тыс жеткізілгеннен кейін өзіне қысым көрсетілгенін, елде тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының жетекшісі, қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовке қарсы шығуға және адвокат Айман Омарованың қызметінен бас тартқызуға мәжбүрлегенін айтқан еді. Біләш тергеу органдарына «ыңғайлы» жауапты беруге мәжбүр болғанын айтып, істің «саяси астары бар» деп мәлімдеген.
«Алдап-арбап, сендірді». Серікжан Біләшқа «қысым» жасағанын айтады
«ШЫҢЖАҢДАҒЫ АЗ ҰЛТТАРҒА ҚЫСЫМДЫ КӨПКЕ ЖЕТКІЗДІ»
Серікжан Біләш ұсталған соң халықаралық сарапшылар Қазақстан билігі өз азаматтарының құқығын емес, Қытаймен қарым-қатынасты жоғары қояды деп сынаған. Істің саяси астары бар деп болжаған халықаралық басылымдар Қытайдан жиі несие алатын Қазақстанның экономикалық әріптесі әрі алып көршісімен қарым-қатынасын бұзғысы келмейтінін айтқан.
Қытайдағы қысым жайлы айтқан ұйымды тіркеу машақаты
Серіккжан Біләш жетекшілік ететін “Атажұрт еріктілері” ұйымы Қазақстанда тіркеуден өте алмады. Ұйым өкілдерінің айтуынша, тіркеу жайлы төрт рет берген өтінішін әділет департаменті бірнеше рет кері қайтарған. “Атажұрт еріктілері” шешімнің саяси астары барын айтса, мемлекеттік органдар мұны жоққа шығарады. «Атажұрт еріктілерінің» Алматы, Нұр-Сұлтан, Өскемен қалаларында бөлімшелері бар.
Дәл осы ұйым 2017 жылы мамырдың 31-і күні Қытайдың Алматыдағы бас консулдығы алдында жиын ұйымдастырып, Қытайдағы қазақтардың көріп жатқан қысымы туралы алғаш рет айтқан еді. Осыдан соң ақпарат құралдары Шыңжаңдағы аз ұлттарға жасалған қысымға назар аудара бастады.
«Атажұрт еріктілері» тіркелмеген ұйымы 2018 жылдың маусым-шілде айларынан бастап Қытайда туыстары қамалған азаматтардың басын қосып жиын өткізді, Қазақстан билігінен Қытайда қалған туыстарына араша түсуді сұрады. Қытайда қамалғандардың туыс-жақындары мен Шыңжаңда қамауда болғандардың куәліктерін, олар туралы видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісінде жариялап, көпшілікке таратты.
СЕРІКЖАН БІЛӘШ КІМ?
Серікжан Біләш 1974 жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесі Бұратола облысы Жың ауданында дүниеге келген. Әкесі Біләш мектеп мұғалімі болып істеген. Серікжанның нақты қай мамандық бойынша жоғары білім алғаны белгісіз.
Ол ең алғаш рет Қазақстанға 2000 жылдардың басында келіп, ықтиярхатпен жүрген. Қытай мен Қазақстан арасында тауар тасумен айналысып, тілмаш болған. 2011 жылы Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін атамекенінде тұрақтап қалған. Қазақ тілінен басқа ағылшын, түрік, ұйғыр және орыс тілінде сөйлейді.
Серікжан Біләш Қытайда шығатын қазақ тіліндегі сайттарда Шыңжаңдағы этникалық қазақтардың тарихи отанына көшуі туралы жазбалар жариялап тұрған. Кейін оның түрлі тақырыптағы лекциялары WhatsApp және Wechat желілерінде аудио түрінде тарай бастады. Онда Серікжан Қытай билігінің аз ұлттарға, соның ішінде этникалық қазақтарға жүргізіп отырған саясатын сынаған.
Интернетте Серікжан Біләш туралы қарама-қайшы ақпарат көп. Оны қолдайтын топ өкілдері Біләшті «Қытайдағы қазақтардың басына түскен қасыретті әлемге таратқан құқық қорғаушы» деп атаса, сыншылар оны «Пекиннің мүддесіне астыртын жұмыс істейді» деп айыптайды. Біләш өзіне тағылған ол айыпты жоққа шығарады.
«Прокурормен келісімге Тоқаевтың кеңесшісі көндірді». Серікжан Біләш Қазақстаннан неге кетті?
Түркияда тұрып жатқан белсенді Серікжан Біләш Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстаннан не себепті кеткені, 2019 жылы үйқамақта отырғанда Қазақстан президентінің кеңесшісі өзіне қандай шарт қойғаны, тергеумен келісімге қалай келгені туралы айтып берді.
Қытайдың Шыңжаң өлкесінде билік қазақ, ұйғыр, қырғыз сынды мұсылман дініндегі байырғы тұрғындарды қудалап жатқаны жайлы халықаралық қауымдастыққа алғаш болып хабарлаған белсенділердің бірі – 46 жастағы Серікжан Біләш (құжат бойынша – Бияш) қазір отбасымен бірге Түркияда тұрып жатыр.
Шыңжаңда этникалық қазақ отбасында туып-өскен Серікжан Біләш Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін көп ұзамай тарихи Отанына қоныс аударған. Біләш Қазақстанда тіркелмеген «Атажұрт еріктілері» қоғамдық ұйымын басқарып тұрған кезде Шыңжаңдағы қазақтар мен өзге де түркітілдес байырғы ұлттардың мәселесін көтеріп, олардың құқығын қорғаумен айналысты, Қытай билігінің қысымы жайлы деректерді халықаралық қауымдастыққа жеткізуге атсалысқан.
2019 жылғы наурызда Қазақстан билігі Серікжан Біләшті Алматыдағы қонақ үйден ұстап әкетіп, Нұр-Сұлтанға жеткізген. Бес айдан астам уақыт үйқамақта отырған белсенді өзіне тағылған «әлеуметтік алауыздық қоздыру» айыбын мойындамаған. Сол жылы тамызда Серікжан Біләш прокурормен процестік келісім жасаған соң, сот оған айыппұл салып, қамаудан босатты және жеті жыл қоғамдық ұйымға жетекшілік етуіне тыйым салды.
«ҚАЗАҚСТАННАН КЕТУГЕ МӘЖБҮР БОЛДЫМ»
Азаттық: Түркияда нақты қашаннан тұрып жатырсыз? Қазақстаннан кетуіңізге не себеп болды?
Серікжан Біләш: [Түркияда] 2020 жылғы 10 қыркүйектен бері тұрамын. Қазақстаннан кетуіме екі себеп болды. Оны соңғы соттағы адвокатым Шынқуат Байжанов әлеуметтік желіде жазды да. Қазақстанда 2020 жылғы сәуірде менің үстімнен «мемлекеттік туды қорлады» деп «араздық қоздыру» (174-бап) айыбымен қылмыстық іс қозғалды. Маған қарсы төрт ұйым арыз түсірген. Бұрынғы әріптестерімнің арызы негізінде 389-бап («Өзінше билік ету») бойынша екінші қылмыстық іс ашылған.
Азаттық: Мемлекеттік туды қай кезде, қалай қорлады дейді?
«Алдап-арбап, сендірді». Серікжан Біләшқа «қысым» жасағанын айтады
Серікжан Біләш: Қоғамда шу болған Салтанат Құсманқызының сот ісіне байланысты бір жиында сөйлеген сөзімді мәтіннен бөліп алып, «Серікжан Біләшұлы туды қорлады» деп, төрт ұйым менің үстімнен арыз жазған. Бірақ полицияның сұрауымен жасалған лингвистика сараптамасы «Серікжанның сөзінде мемлекеттік туды қорлаған құрам жоқ» деген қорытынды шығарған. Екінші іс ресми тіркелген билікшіл «Атажұрт еріктілері» ұйымының төрағасы Ербол Дәулетбектің арызы бойынша қозғалған (Ербол Дәулетбек Азаттыққа Серікжан Біләштің үстінен арыз жазбағанын айтты – ред.). Олар «Серікжан Біләшұлы Facebook, Youtube-тегі каналдарын ресми тіркелген біздің ұйымға берсін» деген талап қойған.
Мені тергеген Динара есімді полицейге Youtube-тегі Atajurt Kazakh Human Rights каналының тіркелген уақытын көрсеттім – 2013 жыл. Ол жылы Қытайда жаппай тұтқындау әлі басталмаған. 2013 жылы «Атажұрт» дейтін ұйым да, ондай ұғым да жоқ еді. Адам құқығы бойынша күрес те басталмаған. Ендеше біз неге оған бере салуымыз керек? Бұл канал қазір «Нағыз Атажұрт» ұйымының Түркиядағы өкілі, Түркия азаматы, сол елде туып-өскен қазақ Бәбісәлем Өкітан мырзаға тиесілі. Біз соған бергенбіз. Себебі, анда-санда біздің видеоны монтаждайтын Ғалым Рақыжанның үйіне полицияның келгіштеуі, оған қысым көрсетуі көбейді. Көршілерінен Ғалым туралы түсініктеме алып, ол жалдап тұрған үйдің қожайынына да қоқан-лоқы жасап, Ғалымды бәлен жыл тұрған үйінен шығартып жіберді. Тіпті, полицейлер Ғалымға каналдың кодын бізге жазып бер деп талап қойған. Ақыр соңында бұл мәселеден құтылу үшін каналды Бәбісәлем Өкітанға «өзің жауапты болып, осы каналды жүргіз» деп басы бүтін бергенбіз. Жаңағы полицияға YouTube каналының 2013 жылы тіркелгенін көрсетіп, көзін жеткізген соң бұл мәселе қалды. Біздің «Нағыз Атажұрт» ұйымының жеті мүшесінің үстінен іс қозғап, тергеді.
Жақында адвокатым Шынқуат Байжанов менің Қазақстаннан кеткенім туралы тараған ақпаратқа Facebook-те жауап берді. Ол Серікжан Біләшұлының үстінен қозғалған екі қылмыстық іс қысқартылды ма деген сұраққа билік орындарының әлі жауап бермей отырғанын хабарлады. Бізді тергеген полицейлер, құзырлы мекемелер «Біләшқа қарсы іс жоқ» деп ауызша айтқанымен, менің үстімнен жазылған арыздар бойынша істің қаралмайтыны немесе қысқарғаны туралы адвокатыма ресми түрде жауап бермей отыр.
Менің үстімнен әкімшілік іс те қозғалды. 2020 жылғы 18 тамызда сот мені «тіркелмеген заңсыз ұйымның жұмысына қатысты» деп тауып, маған 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 333 доллар айыппұл салды. «Нағыз Атажұрт» ұйымынан бірнеше адамға айыппұл салды. Мұның бәрі бізге ауыр соққы болды.
«НЕ ТҮРМЕГЕ ОТЫРАСЫҢ, НЕ КЕЛІСІМГЕ КЕЛЕСІҢ»
Азаттық: 2019 жылғы сот үкімінде сізге қоғамдық ұйымды басқаруға жеті жылға тыйым салды емес пе?
Серікжан Біләш: Ол іс бойынша сотта мен өз еркіммен процестік келісімге келдім. Президент [Қасым-Жомарт] Тоқаевтың маған жіберген кеңесшісі Мақсат Сқақов келіп, ұсыныс айтты, қысым жасаған жоқ. Ол маған астанада үйқамақта отырғанымда бес рет, Алматыда отырғанымда екі рет келді. Жеке басым Сқақовқа өкпем жоқ, керісінше, оған рақмет айтамын.
Мақсат Сқақов маған: «Тоқаев мырза қыркүйек айында Қытайға іссапармен барады, сенің үкімің – Қытай президентіне сый» деп айтты. Яғни, мені соттау міндет болып отыр, менде басқа жол жоқ. Екінің бірін таңдауым керек болды: я ең ауыр режимдегі түрмеде отыруым керек, я келісімге келіп, бостандыққа шыға аламын.
Менің түпкі мақсатым Қазақстан билігімен алысу емес, Қытайда қорлық көріп жатқан қазақтар, тағы басқа түркі текті халықтардың (соңғы дерек бойынша, Қытай түрмесінде ондай 3 миллион адам отыр, оның ішінде қазақтар жарты миллион болуы мүмкін делінеді) құқығын қорғау дедім де, процестік келісімге келдім. Сот шешімінде жеті жыл қоғамдық-саяси ұйымдарды басқаруыма болмайтыны айтылған.
Азаттық: Президент кеңесшісімен келіскеніңізді сол кездегі адвокатыңыз Айман Омарова білді ме?
Серікжан Біләш: Айман Омароваға айттым. Ол маған «жолама оған» деді.
Азаттық: Сот билігі президентке, парламентке, болмаса үкіметке бағынбайды. Ал президенттің кеңесшісі келіп, ықпал етіп жатқаны заңға қайшы әрекет деп есептемейсіз бе? Мысалы, өзін сыйлайтын, құрметтейтін адвокат бұған «сенікі дұрыс, қалайда құтылып шықсаң болды» деп келісе салмайды деп ойладыңыз ба?
Серікжан Біләш: Адвокатты жалдаушы – мен. Адвокат өзі ақтап отырған адамға соның талабы бойынша қызмет етуі керек.
(Адвокат Айман Омарова Азаттыққа Мақсат Сқақовты танымайтынын, онымен кездеспегенін, сот біткен соң әлеуметтік желі арқылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан «Біләшқа кеңесшіңізді жібердіңіз бе?» деп сұрағанын, бірақ оған жауап ала алмағанын айтты. Адвокаттың сөзінше, сотқа дейін Біләш өзіне «ҰҚК қызметкерлері келіп жүргенін» айтқанымен, олардың аты-жөін атамаған – ред.)
«Туысы қысым көріп жатқан барлық қазақтың аузын жаба алмайды»
Азаттық: Егер Қазақстан билігінің арманы сізді түрмеде шіріту болса, президенттің кеңесшісі келіп, екі түрлі жол ұсынар ма еді? Өзіңіз айтқандай, Қазақстан билігі шынымен де Қытайдың мақсатына жұмыс істейтін болса, Қытайға сіздің түрмеде ұзақ жыл отырғаныңыз пайдалы емес пе?
Серікжан Біләш: Себебі Қазақстан билігіне үш [жақтан] қысым болды. Бірі – Батыс елдерінің, екіншісі – Қазақстан халқының, үшіншісі – Қытайдың қысымы. Яғни, біз Батысқа керекпіз, Батыс қоғамы саны жағынан ең көп, керемет фактілер беретін бізге мұқтаж болды. Сондықтан олар бізді қорғауға жанын салып кірісті. Қазақстан билігі Батысты ренжіте алмайды. Себебі, олардың миллиардтаған қаржысы, ол жақтан алып қойған виллалары, жылжымайтын мүліктері бар.
Бұл жерде Қазақстан Қытай мен Батыс елдерінің ортасында қыспақта қалды. Қытай Қазақстан экономикасына инвестиция салушы ел. Біздің билік Қытайдың сызып бергенінен шыға алмайды.
Қазақстан билігі үшін мен тым қауіпті адам емеспін, менен үрейленетіндей оларға оппозиция да, жау да емеспін. Отанымды аңсап, шетелдегі барлық жақсы жағдайымнан бас тартып көшіп келген адаммын. Бүкіл туған-туысыммен келдім. Қазақстан билігі не Қытайды таңдау, не халықты, тұтас Батысты наразы қылып, Серікжанды соттау дегеннен бас тартып, өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын жол тапты және оған мен де келістім.
«ҚАРА ТІЗІМГЕ ЕНГІЗІП ҚОЙДЫ»
Серікжан Біләш: Қазір көлігім бұғаттаулы тұр. Оны туыстарымның жүргізуіне рұқсат ететін сенімхат бере алмаймын. Анам қайтыс болған соң оның атындағы жылжымайтын мүліктерді [қазір марқұм болған] әкем Біләш Есенәлінің атына жаздыруға қарсы емеспін деп, мұрагерлік заңы бойынша сенімхат тапсыру үшін нотаруиске бардым. Нотариустер әділет министрлігінің ортақ желісінде ғой. Сол желіде мені «террорист» деп жазып қойыпты, менде оның скриншоты бар. Нотариус компьютерінен суретке түсіріп алдым. Менің сенімхат беруге де құқығым жоқ екен. Банктегі есеп-шоттарым, өз атымдағы мүліктерім бұғатталған. Сонда бұл мені қудалау емес пе?
Азаттық: Анаңыз, әкеңіз қашан қайтыс болды?
Серікжан Біләш: Анам 2018 жылдың күзінде, соттан бұрын дүние салды. Әкем таяуда ғана [2020 жылғы қарашада] қайтыс болды.
Азаттық: Бұл сонда сіз қылмыстық жауапқа тартылмай тұрып болған оқиға ма?
Серікжан Біләш: Жоқ, одан кейін болған.
Азаттық: Одан басқа тағы қандай қуғын-сүргін болды? Сізді аңду, үйіңізге келіп, қайта-қайта мазалау сияқты оқиғалар болды ма?
Серікжан Біләш: Мен бір жерге барсам міндетті түрде құзырлы мекеменің адамдары жүреді. Көшеде кетіп бара жатсам көлігімді міндетті түрде тоқтатады. Үйімнің алды-артында бір адамдар, күні-түні көліктер жүреді. Жақындарым, туыстарым, қайынжұртым – барлығы тергеуге алынған. Мені «террор ұйымдарына қатысы бар» дейді, тіпті марқұм әкемнің атына күйе жағатын сөздерді айтады. Мені «қазақ емес, Қытайдың шпионы, Американың шпионы, уаххабист» деп қаралады, «мемлекеттің туын қорлады» деп айыптады. Осының барлығы айналып келгенде жеке тұлғаға қарсы жай бір адамдардың өшпенділігі емес, мұның барлығы Қытайдың жұмсақ күштерінің, яғни Қазақстандағы Қытай лоббилерінің ұйымдастырған ісі деп қараймын.
Азаттық: Осы айтылғанның барлығы да Қазақстан билігінің өз еркімен емес, Қытай билігінің ықпалымен жасап жатқаны деп есептейсіз бе?
Серікжан Біләш: Бұрыннан айтып келе жатырмын, Қазақстанның құзырлы мекемелерінде – Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, полициясында, сот, прокуратурасында, тіпті баспасөз құралдарында Қытай ұлттық компанияларынан немесе басқа мекемелерінен айлық алатын көлеңкелі үкімет қалыптасты деп ойлаймын.
«ШЫҢЖАҢДА ҚЫСЫМ АЗАЙҒАН ЖОҚ, ТҮРІ ӨЗГЕРДІ»
Азаттық: Қазір Шыңжаңдағы ахуал қандай? Жеңілдеді ме, әлде қиындап бара ма?
Серікжан Біләш: Жуырдан бері Қытайдағы жағдай қайтадан қиындады. Қазір тұтқындау формасы өзгерген. Мысалы, бұрын бізге куәлік беріп, лагердің шындығын айтқан Бақыт Әлінұр, Нұрлан Көктеубай, Гүлзира Әуелхан сияқты адамдарды концлагерге қамап, онда күні-түні қытайша үйретіп, қызыл өлеңдерді жаттатқызса, кейінірек шыққан Дина Нұрлыбай қарындасымызды мәжбүрлеп жұмыс істеткен. Ал қазір Қытайдың бұл лагерінің сипаты өзгеріп бара жатыр.
Олар өз бизнесі, мейрамханасы, басқа да компаниялары бар, айына бес-он мың доллар болатын жақсы табыс тауып отырған қазақ жігіттерін «еңбекке орналастырамыз, жұмыссыздарды жұмыспен қамтимыз» деген әдемі сылтаумен ішкі Қытайға ауыр, қара жұмысқа мәжбүрлеп жегіп жатыр.
Оның ішінде сол өзінің туған жерінде, Іле, Алтай, Тарбағатайдың өзінде – Іле Қазақ автономиялы облысында компания, мейрамхана ашқан, басқа да сервистермен айналысатын, бір өзі ондаған адамға жұмыс тауып беріп отырған қазақтың кәсіпкер азаматтарын ішкі Қытайға әкетіп, Қазақстан теңгесіне шаққанда айына небәрі 20-25 мың теңге төлейтін ауыр жұмысқа мәжбүрлеп салып жатыр. Ал қазақтардың тұрған жері – Іле Қазақ автономиялы облысына ішкі Қытайдан қытайларды көшіріп әкеліп жатыр. Бұл сұмдық процесс қауырт және өте үлкен көлемде жүріп жатыр.
ҚАЗАҚСТАНҒА ОРАЛУ ТУРАЛЫ
Азаттық: Түркиядағы қазіргі жағдайыңыз қалай? Саяси баспана сұрайсыз ба?
Серікжан Біләш: Жоқ, мен Қазақстаннан біржолата кеткен жоқпын. Егер адвокатым Шынқуат Байжанов маған өзі айтқандай, Қазақстан билігі жазбаша түрде «Серікжан Біләшұлының үстінен жазылған арыз бойынша іс қозғалмайды, қудалау тоқтатылады, көлігі, жері, тәркіленген телефоны өзіне қайтарылады, банктегі есеп-шоттары ашылады» десе, бүкіл заңды құқықтарымды қалпына келтіретін болса, Қазақстанға кез-келген уақытта қайтамын.
Азаттық: Ал егер Қазақстан сіз айтқан талаптарды орындамаса, сізге ешқандай жеңілдік жасамаса, онда әрекетіңіз қалай болады?
Серікжан Біләш: Онда біз Қазақстан президентіне, елбасына (Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың заң жүзінде бекітілген статусы – ред.), жоғары лауазымды тұлғаларға халықаралық ұйымдардан ашық хат түсіруіміз мүмкін. Заң бойынша, келісіммен босап шыққан менің құқықтарымды таптауға болмайды. Мен Түркиядан баспана сұраған жоқпын, бұл елге басқа екі-үш мақсатпен келдім. Ол құпия емес.
Қытайдағы қысым жайлы айтқан ұйымды тіркеу машақаты
Біріншісі – «Нағыз Атажұрт» ұйымын Қазақстан тіркемей қойды, оның үстіне «заңсыз ұйымға жұмыс істедіңдер» деп, менің үстімнен 2019 жылы бір, 2020 жылы бір әкімшілік іс қозғады. 2019 жылы қылмыстық іс қозғады. Бес ай, бес күн үйқамақта отырдым. 31 желтоқсанға дейін пробация бақылауында болдым. Енді жаңағыдай тағы қудалап отыр. Сондықтан біз «Нағыз Атажұрт» деген ұйымды Түркияда тіркетуге шешім қабылдадық. Егер Түркия бізді заңды тіркеуге алса, онда ұйым атынан барлық құжаттарымызды ары қарай халықаралық деңгейде өткізіп, адам құқықтарын қорғау мәселесімен айналысу жоспарымыз бар.
Азаттық: Түркия үкіметіне ресми құжат тапсырдыңыздар ма?
Серікжан Біләш: Тапсырдық.
Азаттық: Қашан жауап келеді, ұйымды тіркеуі мүмкін бе?
Серікжан Біләш: Бұл енді Түркия үкіметі мен Қытайдың ортасындағы өте нәзік саяси қарым-қатынастарға байланысты күрделі мәселе. Қазір оны тіркеу ықтималдығы мен тіркемеу ықтималдығы бірдей болып тұр. Оны тек уақыт көрсетеді.
Азаттық: Сіз Түркияға бала-шаға, отбасыңызбен кеттіңіз бе?
Серікжан Біләш: Иә, бала-шағаммен кеттім.
Азаттық: Олардың бәрі Қазақстан азаматтары ма?
Серікжан Біләш: Бәрі Қазақстан азаматы. Жұбайым Қазақстанда туып-өскен қазақ. Үш балам да осы елде туды.
Азаттық: Қазақстанға нақты қашан қайтасыз?
Серікжан Біләш: [Қылмыстық кодекстегі] 174-бап (алауыздық қоздыру) қолданыста болған кезде, менің кез келген сөзімнен ілік іздеп, мені тағы да арандатты деп айыптап, ешкім зардап шекпесе де мені тағы да сотқа тарту мүмкін болған жағдайда, яғни өзімді қауіпсіз сезінбесем, елге оралуым кейінге қала береді. Нақты күнін айта алмаймын.
«ТҮРКИЯ ПАНА ІЗДЕП КЕЛГЕНДІ ҚАҢҒЫТЫП ЖІБЕРМЕЙДІ»
Серікжан Біләш: Айтпақшы, біз Қазақстанға [Қытайдан] қашып келген қазақтарға Түркия азаматтығын беру (ол кезде олар әлі босқын мәртебесін алмаған кез) туралы мәселе көтеріп, Түркия үкіметіне ресми хат жолдадық. Қастер Мұсахан, Мұрагер Әлім, Бағашар Мәлік, Қайша Ақан, Тілек Тәбәрікұлына Түркия азаматтығын беру мәселесін қозғадық.
Және мен Түркияға келгеннен бастап шын-өтірігі аралас белсенділер қаптап кетті. Бәрі сол Алматы, астанадан келеді. Мен өмірімде сөйлеспеген адамдар «сізді қолдаймыз, кездесейік, шай ішейік» деп шақырады.
Сосын олар жаңағы қашып келген бес қазаққа Түркияның азаматтығын алып бергелі жүр екенсіз, ол мәселені біз шешкелі жатырмыз, соны қойсаңыз деп өтініш айта бастады. Оларға айттым: егер [Қазақстан] оларға азаматтық бермейтін болса, онда оларға Түркия паспортын Қазақстаннан бергіздіріп, Түркияға алдырамыз деген мәлімдеме жасадық.
Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.
Редакциядан: Азаттық Серікжан Біләш осы сұхбатында айтқан мәселелерге байланысты Қазақстан президентінің аппараты мен Ішкі істер министрлігіне жазбаша сауал жолдаған еді. Мақала жарияланғанға дейін екі мекемеден де жауап келмеді.